Ақтөбелік полицейлер екі ауыр қылмысты ашты

2017 жылы желтоқсанда белгісіз бір адам Ақтөбе қаласының Бейбітшілік көшесіндегі дүкендердің біріне басып кіріп, сатушыны қарумен қорқытып, кассадан 165 мың теңгені алып кеткен.

Қылмыстың қалай жасалғанын, күдіктінің қалай ұсталғанын Ақтөбе облысындағы тілшіміз Б.Сәрсембинаға облыстық баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов баяндап берді.

Е.Сарқұлов.

– Түнгі сағат үште дүкенге шолақ мылтықпен белгісіз ер адам басып кіріп, төбеге мылтық атқан. Осылайша сатушыны қорқытып, кассадан 165 мың теңгені алып кеткен.

Бұл қылмыс төрт жыл бойы ашылмаған қылмыстардың тізімінде тұрған. Тек биыл ғана полицейлер күдіктінің ізіне түсіп, сәуірде оны қолға түсірді. Ол Ақтөбе облысының Қарғалы ауданының 32 жастағы тұрғыны болып шықты.

Ұсталған күдікті тергеу барысында дүкенге шабуыл жасағанын мойындады және шабуылды қалай жасағанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Қылмыстық іске қатысты тергеу шаралары жүргізілді. Оқиға орнында тексеру жүргізу, тану, бетпе-бет кездестіру шаралары барысында қылмыс жасаған күдікті осы азамат екені белгілі болды, – деді Е.Сарқұлов.

Сондай-ақ тілшіміздің хабарлауынша, жуырда ақтөбелік полицейлер «такси жүргізушісін өлтірді» деген күдікке ілінген екі адамды ұстады. Бұл туралы Ақтөбе қалалық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Атабаев баяндаған.

Күдіктілер такси жүргізушісін өлтіріп, оның Hyundai көлігін айдап кеткен де, қалада бірнеше жол апатын жасаған.

– Бейнебақылаудың көмегімен әлгі көліктің қайда екенін анықтадық. Көліктің бағытын Орталық жедел бақылау басқармасының мамандары рация арқылы полиция нарядына баяндап отырды. Патрульдердің бірі көлікті тауып, дереу тоқтауды бұйырған. Алайда күдіктілер қашуға әрекет жасаған. Олар жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Тойота Лэнд Крузер-200 көлігіне соғылған, – дейді Б.Атабаев.

Көлікте екі адам мас күйінде болған. Біреуі – 19, екіншісі 37 жаста. Тексеру кезінде көлік басқа адамға тиесілі екені анықталыпты және көлік ішіндегі қан іздері күдік тудырған. Одан кейін қанға малынған пышақ та табылған. Жалтаруға жолы қалмаған екеудің бірі такси жүргізушісін өлтіргендерін және оның көлігін айдап кеткенін мойындапты.

Күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық ісінің бірнеше бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қазір оқып жатыр

Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы сотталып, сот залында босатылды

Қазақстанда соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 10 мың доллардан көмек берілді

Оралда өлім себебін жасырған сарапшы сотқа тартылды

Нұрай Серікбайдың қазасы: полиция күдіктінің туыстарын тексеріп жатыр