Ақтөбедегі студент қазасы: анасы ұлына қысым көрсетілгенін айтады
Ақтөбеде жатақхана терезесінен құлап қаза тапқан 17 жастағы студенттің өліміне қатысты сот процесі басталды. Қайғылы оқиға осыдан жеті ай бұрын Көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.
Астана, NEGE. Айыптау нұсқасына сәйкес, түнде колледждің төртінші курсында оқитын 21 жастағы Мәди Сүгірбай төменгі курстың үш студентіне дүкеннен тамақ әкелуді тапсырған, деп хабарлайды «КТК» арнасы. Алайда жатақхананың есігі құлыптаулы болғандықтан, студенттердің бірі терезеден өзара байланған көрпелер арқылы төмен түсуге мәжбүр болған. Бұл тапсырма 17 жастағы Нұрбақыт Бақытқа жүктелген. Ол төмен түсіп бара жатқанда, байлау үзіліп кетіп, биіктен құлап, ауыр жарақат алған.
Дәрігерлер комаға түскен жасөспірімнің өмірін 42 күн бойы сақтап қалуға тырысқанымен, оны аман алып қала алмады.
Марқұмның анасы ұлына жоғары курс студенті қысым көрсетіп, тапсырмаларын орындауға мәжбүрлегеніне сенімді. Сондай-ақ ол қайғылы оқиғадан кейін колледж басшылығы болған жағдайды жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысқанын айтады.
«Ақтөбеге келгенімде мені оқытушылар мен колледж басшылығы қарсы алды. Олар ұлымның түнде қарны ашып, өз бетінше терезеден түсіп, дүкенге тамақ алуға бармақ болғанын айтты. Бірақ мен бұған сенбедім. Оқиға болардың алдындағы кеште оған ақша аударған едім. Кейін бейнебайланыс арқылы сөйлескенімізде, ол сатып алған заттарын да көрсетті», – дейді марқұмның анасы Күлайым.
Ал айыпталушының анасы ұлының кінәсіз екенін айтып, тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, Мәди дүкенге бара жатқан студенттерге өзіне бірдеңе ала келуді өтініп, 2 мың теңге беріп, өзі бөлмесіне кеткен.
Мәди Сүгірбайға «Қауіпті жағдайда қалдыру» және «Абайсызда қазаға ұшырату» баптары бойынша айып тағылған. Ол кінәсін мойындамай отыр.
Марқұмның анасы колледж бен жатақхана қызметкерлерін де жауапқа тартуды талап етуде. Алайда әзірге олардың аты-жөні қылмыстық іс материалдарында жоқ.