27 июля 2025 г. 5:17

Ақтөбеде жаңа зертханалар заманауи құралдармен жабдықталды

Фото: gov.kz

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жаңа зертханалар іске қосылып, озық технологиялармен жарақтандырылды.

Алматы, NEGE. Оқу орнына Германияның Bruker Optics компаниясынан әкелінген заттардың химиялық құрамын анықтап, микроструктурасын зерттеуге арналған RAMAN-touch микроскопы орнатылды. Құрылғыны іске қосу және мамандарды оқыту мақсатында Германиядан сарапшы Михаэль Хесс арнайы шақырылды.

Зерттеу жұмыстарының тиімділігі қолданылатын құралдар мен әдістерге тікелей байланысты. Осы мақсатта университетке Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, АҚШ, Украина және Біріккен Араб Әмірліктерінен жоғары дәлдіктегі құрылғылар жеткізілді. Бұл жабдықтар өндірістік қалдықтардың құрамын микродеңгейде сараптауға, экологиялық технологияларды модельдеуге, биохимиялық және физикалық талдаулардың нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Озық технологиялармен жарақтандыру ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы және Академиялық әрі зерттеу артықшылықтарының орталықтары аясында жүзеге асырылып жатқан «Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарта отырып, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу» жобасының бір бөлігі.

Физика кафедрасының профессоры Әмірбек Бекешевтің айтуынша, «Жаңа зертханалар – тек техника емес. Бұл – жас ғалымдар мен студенттердің тәжірибе жинауына және өз зерттеуін жүзеге асыруға берілген нақты мүмкіндік. Енді біз экологиялық мәселелерге ғылыми негізде жауап бере аламыз».

Жобаның тағы бір бағыты – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Қалыптасқан ғылыми база шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеулер жүргізуге жол ашады.