Ақтөбеде учаскелік полицей қарт ананы 30 жыл көрмеген балаларымен қауыштырды

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Қосестек ауылында учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз 72 жастағы Людмила Скрипникті 30 жыл көрмеген балаларымен қауыштырды.

Polisia.kz

Астана, NEGE. Осыдан отыз жыл бұрын Людмила Скрипниктің басына ауыр іс түсіп, балаларынан көз жазып қалған, деп жазады polisia.kz. Үш баласы алыс туыстарының үйінде тәрбиеленген. Кейін сырқаттанған әйел басқа елде өмір сүріп, перзенттерін есіне түсіре алмағандықтан, өз бетімен іздеп таба алмаған.

Ауылдағы әрбір тұрғынды жақсы білетін полиция майорын ауылға жаңа көшіп келген сырқат қарияның жағдайы қатты алаңдатқан.

72 жастағы әжейдің туысы да, құжаты да болмаған. Қарт әйел құжаттарын қандай жағдайда жоғалтқанын да есіне түсіре алмаған. 

Учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз қарт әйелдің құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін жан-жаққа сұраулар жіберіп, кейін мұрағаттан 30 жыл бұрынғы құжатты тапқан.

Құжаттан кейуананың бір ұл, екі қызы болғанын білген полицей оларды іздестіре бастайды. Ақыры бір қызын тауып, хабарласып, үш баласының да аман-сау екенін, отбасыларымен Павлодар қаласында тұрып жатқанын анықтайды.

«Телефон тұтқасын көтерген әйел адамнан "Людмила Скрипникті танисыз ба?" деп сұрағанымда ол қатты толқып кетті. Ол өзінің көп жыл бұрын жоғалтқан анасы екенін айтты. Мән-жайды түсіндіріп бердім. Қызы анасымен дереу сөйлестіруді өтінді», – дейді Айболат Бекнияз.

Қатты қуанған полицей сырқат ананы жүрек тебірентерлік хабарға алдын ала дайындап, бейнебайланыс арқылы балаларымен сөйлестірген.

«Жалғызбасты ананың отбасы табылғанына өзім де қатты қуандым. Тағдыр талқысына түсіп, талай қиындық көрсе де сынбаған, бүгінде аяқтарына нық тұрып, бір-бір отбасы болып отырған қайсар, мейірімді балаларын көріп қатты риза болдым», – дейді Қосестек ауылының учаскелік инспекторы Айболат Мұратұлы.

Перзенттері полицейден құжатсыз анасын Павлодарға апаруға көмектесуді сұраған. Балаларын ойлап, жүрегі алып ұшса да, алыс жолға денсаулығы жарамайтынына алаңдаған полицей ауыл дәрігерімен бірге егде жастағы әйелді бір айдай емдеген.

Сәуір айында полицей денсаулығы реттелген Людмила Скрипникті таксиге отырғызып, Павлодарға жолға салған.

«Менің қайғыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам Айболат болды. Соңына дейін бірге болып, балаларымды тауып берген Айболатқа алғысым шексіз. Осындай мейірімді жандар көбейе берсе екен», – дейді балаларымен қауышқан кейуана.

Балалары да анасымен қауыштырған, кең жүректі учаскелік инспекторға алғысын жаудырды.

Қазір оқып жатыр

Алматыда дәрігерлер екі жастағы баланың басына кіріп кеткен қайшыны алды

Тоқаев ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыковты қабылдады

Трейдерлер Қытайға экспорттан шет қалғанын айтып, дабыл қақты

Астанадағы өрт: құтқарушыларға кедергі келтірген көлік жүргізушісі жазаланды