Ақтөбеде Неке сарайында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды: күдікті ұсталды

Қайғылы жағдай бүгін, 3 қарашада Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында болған. Ақтөбе облыстық полициясы ақпаратты растады.

depositphotos.com

Астана, NEGE. Полицейлер оқиға орнына жеткенде пышақ жарақатын алған 26 жастағы әйел еденде қансырап жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Куәгерлердің айтуынша, әйел неке сарайына қазіргі сүйіктісімен барған. Марқұмның азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі басты күдікті болып отыр.

Оқиғаға дейін марқұм мен азаматтық некедегі бұрынғы күйеуінің арасында жанжал шыққан. Куәгерлердің болжамынша, ер адам әйелдің басқа адаммен қарым-қатынаста болғанына қарсы болған. Сондай-ақ марқұмның артында балалары қалғаны айтылады.

Әйелді өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктіні оқиға орнынан ізін суытпай анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті – марқұмның бұрын бірге тұрған азаматы. Олардың арасында мекеме ішінде ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған», – делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.