30 января 2026 г. 15:18

Ақтөбеде мұғалім ҰБТ-ның әр балын 7 мың теңгеден сатқан

Фото: freepik.com

Ақтөбе қаласының №2 сотында ҰБТ балын сатқан мұғалімге үкім шықты.

Астана, NEGE. Іс Қылмыстық кодекстің екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық бабымен қаралған.

Сот мәліметінше, мектеп мұғалімі Ұлттық бірыңғай тестілеудің әр балын 7 мың теңгеден бағалап, 80 балл жинау үшін 560 мың теңге сұраған.

«Нәтижесінде сотталушы өзінің қылмыстық құқықбұзушылық іс-әрекетімен жәбірленушінің әрқайсысына 560 мың теңге материалдық шығын келтірген.

Сот отырысында сотталушы "Ж" өзінің кінәсін толық мойындады», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Оның кінәсі жәбірленушілердің жауаптарымен, банк көшірмесімен, сондай-ақ іс материалдарындағы өзге де айғақтармен дәлелденді.

Сотта сотталушының кінәсін толығымен мойындауы, жасаған ісіне өкінуі, жас балаларының болуы жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылған.

Сот мұғалімді кінәлі деп таныды. Оған 3 жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылыққа байланысты жазасы қысқартылып, 2 жыл 4 айға бас бостандығы шектелетін болды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.