Ақтөбеде менеджер басшылықтың жоқтығын пайдаланып, жалған сенімхатпен пәтерлерді қайта сатқан
Ақтөбеде жеті отбасы миллиондап ақшаға сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп қоныстанған жаңа баспанасынан айырылып қаламыз деп алаңдаулы. Құрылыс компаниясы олардан пәтерлерді сот арқылы қайтарып алмақ.
Астана, NEGE. Тұрғындардың айтуынша, олар үйді сатып алар алдында құжаттарды нотариус арқылы тексеріп, келісімшарт жасап, ақшасын толық төлеген. Алайда біраз уақыттан кейін полицияға шақырылып, пәтерлердің заңсыз сатылғанын білген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Пәтерлерді сатқан компания қызметкері сотталған. Сот оны құрылыс компаниясынан 148 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп таныған. Алайда асырауында кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты, жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылған.
Тұрғындар болса, компания өз қызметкерінің алаяқтығы үшін оларды жауапқа тартып отырғанына наразы.
«Ешімова құрылыс компаниясында менеджер болып жұмыс істеп, 148 млн теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Бірақ компания ақшаны Ешімовадан өндіріп алудың орнына, адал сатып алушылардың пәтерлерін алып қоймақ. Неге олардың қызметкерінің алаяқтығы үшін біз жауап беруіміз керек?» – дейді Ләззат Алмағанбетова.
Тұрғындардың бірі Қанағат Құлмановтың айтуынша, қалалық және апелляциялық сот бастапқыда оның пайдасына шешім шығарған. Алайда құрылыс компаниясы кассациялық шағым түсіріп, соңғы инстанция оның пәтерді қайтаруы тиіс деген шешім шығарған.
«"Пәтерді қайтарасың" дейді. Пәтерді босатуды талап еткен хабарлама да келді. Бірақ менің ақшамды кім қайтарады? Мен пәтердің ақшасын толық төледім, жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Енді оны неге қайтаруым керек?» – дейді ол.
Ал құрылыс компаниясы тұрғындардың өзі алаяқтықтың құрбаны болғанын алға тартып отыр. Адвокаттың сөзінше, құрылыс кезінде барлық пәтер сатылып, олардың заңды иелері болған. Алайда менеджер басшылықтың жоқтығын пайдаланып, жалған сенімхат жасап, пәтерлерді қайта сатқан.
Компанияның мәліметінше, осындай жолмен жалпы 13 пәтер мен екі коммерциялық нысан заңсыз сатылған. Оның сегізі бойынша келтірілген шығын өтелген. Қазіргі уақытта компания қалған пәтерлерді қайтару үшін соттасып жатыр.
Құрылыс компаниясының адвокаты Айбек Қоянбаевтың айтуынша, кей сатып алушылар пәтер ақысын қолма-қол ақша түрінде тікелей менеджерге берген. Оның сөзінше, бұл төлемдер компанияның кассасына түспеген және сатып алушыларда ақшаны төлегенін растайтын түбіртек пен чек болмаған.
Компания тұрғындар келтірілген шығынды пәтерді заңсыз сатқан адамнан өндіріп алуы керек деп есептейді. Ал тұрғындар пәтерлерін босатуға келіспей отыр.