Ақтөбеде кәсіпкерді атып кетті деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды

Ақтөбеде 16 қарашада болған кәсіпкер өліміне қатысы бар деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

freepik.com

Астана, NEGE. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті жедел-іздестіру шаралары барысында анықталып, ұсталған.

Қылмысты ашу үшін Ақтөбеге Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан тәжірибелі жедел уәкілдер жіберілген.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында.

Айта кетейік, 6 қараша күні таңертең Ақтөбеде Нұрлы таң және Ғазиза Жұбанова көшелерінің маңын полиция қоршауға алды. Оқиға куәгерлері атыс дауысын естігенін хабарлаған. Атыс жарақатынан ер адамның мәйіті табылып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

БАҚ мәліметінше, қаза тапқан азамат жергілікті Helios жанармай құю бекеттері желісінің директоры Айболат Жисов болуы мүмкін. Сондай-ақ қылмыс қарақшылық шабуыл кезінде жасалған деген ақпарат тарады. Сондай-ақ кәсіпкердің әйелі атыс дауысын естіп, ақша мен алтын талап еткен қара бетперде киген ер адамды көргені айтылды. Кейін шабуыл жасаған адам жәбірленушінің көлігіне отырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда полиция бұл мәліметтерді ресми түрде растаған жоқ.