Ақтөбедегі кафеде газ жарылып, екі адам зардап шекті
13 қараша күні Ақтөбедегі бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, жапсарлас құрылымы опырылды. Оқиға салдарынан екі адам ауруханаға жеткізілді.
Астана, NEGE. Жарылыс сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Артынша кафеде өрт шығып, тұрғын үйдің терезелері зақымданған.
Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді.
«Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ», – деп хабарлады облыстық департамент.
Төтенше жағдайды жою жұмыстарына ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында департамент бастығы да жүрді.
Қазір жарылыстың себептері мен мән-жайын анықталып жатыр.