5 мая 2025 г. 16:55

«Жеңіс жолы» республикалық онлайн-акциясын ақтөбеліктер де белсенді қолдауда

Фото: gov.kz

Ақтөбе облысының тұрғындары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс жолы» республикалық онлайн‑акциясына зор қызығушылықпен қатысып жатыр.

Ақтөбе, NEGE. Әсіресе жастар, ардагерлер мен өңір тұрғындары әлеуметтік желілерде ел тарихындағы маңызды нысандар — ескерткіштер, мемориалдар, мұражайлар сияқты орындардан фотосуреттер мен бейнематериалдар жариялауда.

Мәселен, Шалқар ауданының тумасы Қазбек Бахиұлы ардагер әкесінің майдандағы әңгімелерін еске алып, ерлігін мақтан тұтады.

Шалқар ауданындағы кішкентай ғана ауылдан шыққан жас жігіт майданға аттанғанда небәрі 18 жаста болған.

«Әкем 17‑ші әуе‑десант бригадасында старшина, 2‑ші Украина майданында танк командирі болған. Ол Украина, Венгрия, Чехословакия мен Австрияны азат етуге қатысты. Соғысты Венада аяқтады», – дейді Қазбек Бахиұлы.

Соғыс біткеннен кейін оны Қиыр Шығысқа жіберіп, Бахи Исмаилов Солтүстік Кореяны милитаристік Жапониядан азаттау шараларына қатысып, 1950 жылға дейін сол жақта қызметін жалғастырды.

Демобилизациядан соң Актөбе кооперативтік техникумін бітіріп, Жұрын аудандық тұтынушылар одағында тауар маманы, кейін төраға қызметін атқарды. Аудан қайта ұйымдастырылғаннан соң «Ильичев» совхозының рабкооп төрағасы болды. Өмірлік серігі Хатира Қитарова екеуі алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі.

Биыл Бахи Исмаиловтың ұрпағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен қатар ардагер аталарының 100 жылдығын атап өтеді.