Ақтөбе облысындағы шахтада тау жынысы опырылып, үңгуші қаза тапты

Қайғылы оқиға 20 қазан түнгі уақытта облыс аумағындағы «Қазхром» компаниясына қарасты Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында болған.

freepik.com

Астана, NEGE. Шахтадағы жұмыс барысында тау жынысының бір бөлігі опырылып, 24 жастағы үңгуші ауыр жарақаттан көз жұмған.

Компания жұмысшының қаза тапқанын растап, марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

Облыстық полиция қызметі тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайларын, сондай-ақ оған себеп болған жағдайлар мен факторларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.