Ақтөбе облысында жүзден астам адам уланып қалғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Қандыағаш қаласындағы мейрамханада 102 қонақтың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Ақтөбелік полиция өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бапта санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзғандарды жауапқа тарту қарастырылған.

«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілері бар 102 адам медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған болатын. 

Ауруханаға түскен 34 адамнан сальмонеллезге күдік анықталды. Осыған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарлама жолданып, бактериологиялық зерттеу үшін сынамалар алынған. Науқастардың жағдайы «орташа ауыр» деп бағалануда.