Ақтөбе облысында мейрамханаға барған жүзден астам адам ауруханаға түсті
Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында мейрамханаға барған 102 адам ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түсті.
Астана, NEGE. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл дерек бойынша қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілері бар 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Ауруханаға түскен 34 адамда сальмонеллезге күдік анықталды. Осыған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарлама жолданып, бактериологиялық зерттеу үшін сынамалар алынған.
Дәрігерлер ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын «орташа ауыр» деп бағалап отыр. Оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатқаны хабарланды.
Сондай-ақ осы жағдайға байланысты өңірде жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілген. Бұған қоса, науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау және оларды медициналық бақылауға алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Бұл ретте ведомство өкілдері «науқастар аурухана дәлізінде жатыр» деген ақпаратты теріске шығарып, жағдай толық бақылауда екенін атап өтті.