Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы үш жылға сотталды
Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Исембайұлы алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана, NEGE. Нұрсұлтан Исембайұлы сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform.
«Нұрсұлтан Исембайұлы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Оған жазаны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтеу арқылы 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп үкімді оқыды судья.
Сондай-ақ судья жәбірленушінің азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 3 миллион, заңды өкілдің пайдасына 1,5 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндіруді үкім етті.
Бұған қоса Нұрсұлтан Исембайұлы өмір бойына мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, алаяқтық бабы бойынша айыпталған бұрынғы шенеуніктің ісі сотқа 2024 жылдың желтоқсанында түскен.
2025 жылдың сәуірінде өткен сотта ақталған.
Биылғы наурыз айында жергілікті БАҚ прокуратураға бірінші сатыдағы соттың экс-әкім аппараты басшысын кінәсіз деп таныған шешімін қайта қаратуға қол жеткізгенін хабарлаған.