Актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға сотталды

Алматы облысында әлеуметтік желілерде бұрынғы әйелінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратты деп айыпталған актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге үкім оқылды.

instagram.com/nursultan_zhaksygen

Астана, NEGE. Жақсыгенге қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қозғалған іс Қарасай аудандық сотында қаралды. Сот оны осы бапта көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. 

Жақсыген жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.

Сондай-ақ актерден жәбірленуші Фариза Алмазқызының пайдасына бес миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.

Бұдан бөлек, сот блогерді бес жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік желілерде және өзге де телекоммуникация желілерінде көпшілікке арналған ақпаратты әзірлеп, таратуға байланысты журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сот таратқан ақпаратқа қарағанда, Нұрсұлтан Жақсыген мен Фариза Алмазқызы азаматтық некеде тұрған, олардың кәмелетке толмаған екі баласы бар. 2024 жылғы 14 сәуірден бастап олар бөлек тұра бастаған. 

Айта кетейік, бұған дейін Фариза Алмазқызы бұрынғы күйеуін «өзі мен жақындарының атына қорлайтын сөздер айтып, шындыққа жанаспайтын әрі абыройына нұқсан келтіретін ақпараттар таратты» деп айыптап, Жақсыген жіберді делінген хабарламаларды жариялаған еді.