Желіде ерлі-зайыптының интимді видеосы тараған: күдікті ретінде жасөспірім ұсталды

Ақтау қаласының полиция қызметі WhatsApp мессенджері арқылы интимді бейнематериалды заңсыз тарату дерегі бойынша күдікті анықталып, ұсталғанын хабарлады.

Видеодан кадр/Атырау қалалық полиция департаменті

Астана, NEGE. Қаладағы танымал тамада мен оның жұбайы өздері үшін түсірілген жеке видеосын әлдекімдер әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратып жібергеніне шағымданып, полицияға жүгінген. Блогер ерлі-зайыпты ақпараттың таралуына бұрын олармен жұмыс істеген мобилографтардың бірінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 147-бабымен (жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және жеке өмір туралы мәліметтерді тұлғаның келісімінсіз заңсыз тарату) қылмыстық іс қозғалды.

«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Ол – Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны. Өзге де мән-жайлар анықталуда», – делінген хабарламада.

Полицейлер өзге тұлғаның жеке және құпия материалдарды рұқсатсыз тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.