Ақтаулық дәрігер мен генерал-майор ұшақта шетел азаматын аман алып қалды
Бұл жағдай 23 ақпан күні Астана – Ақтау бағытындағы рейсте болған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезінген. Оған генерал-майор Сағындық Аяғанов пен ұшақтағы дәрігер Тұрсын Чуйшбаева көмекке келген.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға болған күні Сағындық Аяғанов еңбек демалысынан сол рейспен Ақтауға қайтып бара жатқан. Ол ұшақ дәлізінде шетел азаматы өзін жайсыз сезініп, құлап бара жатқанын байқап қалады.
«Ер адамның мен жаққа қарай құлап бара жатқанын көріп, ұстап үлгердім. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздедік. Бақытымызға қарай, дәрігер табылды. Өзім үнемі жанымда алып жүретін аспиринді ұсындым. Ұшақ қонғанға дейін оның жағдайын бақылауда ұстадық. Мұндай жағдайда әр азамат осылай әрекет етер еді деп ойлаймын. Бұл – біздің азаматтық борышымыз», – дейді Сағындық Аяғанов.
Жағдайы нашарлаған жолаушыға «Ана мен бала» орталығының дәрігері Тұрсын Чуйшбаева медициналық көмек көрсеткен. Оның айтуынша, жолаушының қан қысымы көтеріліп кеткен.
«Қажет дәрі-дәрмектер беріліп, оттегі қосылды. Нәтижесінде жолаушының жағдайы тұрақтандырылды. Ақтауға қонған сәтте қан қысымы 135/85 деңгейіне дейін төмендеді. Ол самай тұсының қатты ауырғанына шағымданды. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Бір ай бұрын өз елінде дәл осындай жағдаймен ауруханаға түскен екен, алайда дәрігерлердің ұсынымдарын толық сақтамаған. Созылмалы ауруы бар адамдар сапарға шыққанда қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүруі маңызды», – деп атап өтті дәрігер.
Ұшақ Ақтау қаласына қонғаннан кейін 45 жастағы ер адам жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Ол өзіне көмек көрсеткен барлық жанға алғысын білдірді.
«Ұшақ көтерілгеннен кейін өзімді жайсыз сезіндім. Бір сағаттан соң жуыну бөлмесіне бет алғанымда әлсіреп, денемнің сол жақ бөлігі ұйый бастады, көзім қарауытып, құлап қалдым. Кейін маған Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы көмектескенін білдім. Оның мені демеп, су беріп, сабырға шақырғаны есімде. Есімді жиған соң кешірім сұрадым. Ұшақ бортында көмек көрсеткен барша жанға алғысым шексіз», – дейді жолаушы.
Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.