Ақтаулық әйел тіс жұлдырамын деп, соңында ота жасатуға мәжбүр болды
Ақтау тұрғыны стоматологқа барғаннан кейін пайда болған асқынуларға байланысты шағым білдірді. Себебі ол тіс жұлған соң ота жасатып, денсаулығына қатысты күрделі мәселелерге тап болған. Бұл туралы Lada басылымы хабарлады.
Алматы, NEGE. Нұргүл Елеусінова 17 шілдеде Ақтаудағы жеке стоматологиялық клиникалардың біріне барып, тісін жұлдырған. Процедура өте ауыр болған. Дегенмен дәрігер науқасқа ешқандай асқыну болмайтынын айтып, сендірген. Алайда сол күні кешке әйелдің қызуы көтеріліп, қатты ісік пайда болып, ауырсыну күшейген.
Келесі күні Нұргүл қайтадан стоматологқа барған. Дәрігер оған антибиотик жазып беріп, үйіне қайтарған. Алайда жақсарудың орнына жағдайы нашарлап, ауырсыну мен ісік күшейе түскен. 21 шілдеде әйел тағы да қабылдауға барған. Бірақ бұл жолы клиниканың бас кеңсесіне және бас дәрігерге емес, оның орынбасарына жолығуға мәжбүр болған. Оның бастамасымен науқасты жақ-бет хирургі тексерген.
Осы сәттен бастап оның денсаулығына қатысты түрлі мәселелер басталған. Ауырсыну тоқтамай, күннен күнге күшейе берген.
"Жеке клиникада ұртымды төменнен тілдіріп, іріңді шығару үшін прокол жасады. Бірақ бұл да көмектеспеді", – дейді әйел.
Ақыр соңында әйелді облыстық ауруханаға "Жедел ұяшықты остеомиелит, сол жақ жақасты аймағының флегмонасымен асқынған" диагнозымен жатқызған.
"Маған бас сүйегімнің компьютердік томографиясын жасады. Осылайша дәрігерлер жұлынған тістің орнында қалған сынық барын анықтады. Дәл сол сынық қабынуды тудырған. 3 тамызда маған шұғыл түрде ота жасалды", – дейді ол.
Нұргүл Елеусінованың айтуынша, ауруханада жатқан кезінде оған тісті жұлған дәрігер де, клиника басшысының орынбасары да келіп, жағдайын сұраған. Дегенмен әйелдің ойынша, бұл жеткіліксіз. Ол енді материалдық шығынды өтеуді талап етпек. Өйткені әйел осы уақыт ішінде еңбекке жарамсыздық парағымен жүрген.
"Олардың әйелдері де маған қоңырау шалды, не үшін екенін түсінбедім. Мен қазір Маңғыстау облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне, қалалық прокуратураға және Денсаулық сақтау министрлігіне стоматологиялық клиниканың жұмысын тексеруді талап етіп өтініш бердім. Бұдан бөлек, моральдық және материалдық шығынды өндіру үшін сотқа талап арыз беруді жоспарлап отырмын", – дейді зардап шеккен әйел.
Әйелдің айтуынша, жақында ол Маңғыстау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментінен ресми жауап алған. Құжатта клиника жұмысында заңбұзушылық анықталмағаны көрсетілген. Дегенмен ол мұның мән-жайды өзгертпейтінін айтады. Оның сөзінше, тіс жұлудан кейінгі асқынулардың орын алғаны\ н шындық. 19 шілдеден 14 тамызға дейін ол антибиотиктер, тамшылатқыш дәрілер, таблеткалар және ауырсынуды басатын инелер алған.
Зардап шеккен әйелдің тісін жұлған Dental Mangystau клиникасының дәрігері Батырбек Жанаев пікір білдіруге уәде еткен, алайда сол күйі одан жауап келмеген.