Ақтаудағы нөсерден кейін әкімдік мердігерді сынға алды

7 қарашада Ақтауда толассыз жауған жаңбыр салдарынан бірнеше көшені су басты. Қалада коммуналдық қызметкерлер мен құтқарушылар жолдарды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, жаңбыр суы 17 және 18А, 29 және 29А, 13 және 15, сондай-ақ 11 және 14 шағынаудандарының арасындағы жолдарға жиналған. Бұдан бөлек, 31-шағынаудандағы «Хазар базары» маңын да су басқан.

Жағдайды бақылау үшін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш су жиналған аумақтарды аралап, коммуналдық қызметтердің жұмысын тексерді.

Тексеру барысында Бекбол Орынбасаров жолдарды күтіп ұстауға жауапты мердігер «Green City Aktau» ЖШС директорының жұмысына сын айтып, ескерту жасады. Ол су басқан аумақтарды тезірек тазарту үшін арнайы техника санын көбейтуді тапсырды.

«Су жиналған аумақтарды ретке келтіру үшін жеке кәсіпкерлерді жұмылдырыңыздар. Дәл қазірден бастап техникалар санын көбейтіңіздер», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жауын-шашын әлі де жалғасуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті 8 қарашада Маңғыстау облысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсер болуы мүмкін екенін ескертті. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі ықтимал.

Құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, аса қажет болмаса, алыс жолға шықпауға шақырды. Төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне хабарласу қажет.

Су басу салдарынан зардап шеккендер немесе келген материалдық шығын туралы ресми ақпарат жоқ.