Ақтауда өзінің үш баласын өлтірген әкеге қатысты тың деректер шықты

Өткен аптаның соңында Ақтауда кәмелетке толмаған үш баласын өлтірді деген күдікпен әкесінің ұсталғаны туралы хабар жұртты жаға ұстатты. Журналист Гүлмира Әбішева аталған трагедияға қатысты тың мәліметтер ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы, NEGE. Бейресми дереккөздерден жеткен мәліметке сәйкес, марқұм болған екі қыз бен ұл бала анасымен бірге Атырауда тұрып жатқан. Оларды әкесі демалыс кезінде өзімен бірге ертіп кеткені белгілі. 

"Ол әйелімен ажырасқан, бөлек тұрады. Балаларды каникул кезінде алып кеткен, оның ақыры осындай қайғылы жағдаймен аяқталып отыр. Әлеуметтік желіде ер адам жат діни ағым өкілі екенін жазып жатыр. Исламда мұндай қайғылы оқиға түгілі, тіпті құмырсқаға да зиян тигізбеу керек", - деді Гүлмира Әбішева.

Журналист ажырасқан ата-аналардың балалары, әсіресе деструктивті діни ағымды жақтаушылар болып жатса, міндетті түрде бақылауда болуы керек деп санайды.

Көршілерінің айтуынша, олар әйелдің үйінен бұрын күдіктіні көрмеген, танымайды да. 

Айта кетсек, 2011, 2014 және 2016 жылы туған кәмелетке толмаған балалардың зорлықпен өлім белгілері бар денелері 2023 жылдың 24 наурызында Ақтаудағы ықшам аудандардың бірінің 27 үйдегі пәтерлердің бірінен табылғаны белгілі болды. Кісі өлтірді деген күдікпен полицейлер 36 жастағы ер адамды (балалардың әкесі) ұстады. ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі ("Кісі өлтіру") бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу қолға алынды.