Ақтауда соқырішекпен түскен баланы дер кезінде қарамады деп айыпталған хирург өз уәжін жеткізді

Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында соқырішекпен түскен балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетпеді деп айыпталған хирург желіде видеоүндеу жариялап, оқиғаның мән-жайын жеткізді. Дәрігер баланы небәрі 15 минут қана көргенін айтады.

azamat_sarsenbayev/Instagram

Астана, NEGE. Дәрігердің сөзінше, бала 19-ы күні сағат 16:51-де, яғни кезекшілігінің аяқталуына аз уақыт қалғанда келген. Ол қажетті тексерулерді тағайындап, науқасты келесі кезекші дәрігерлерге тапсырған.

Бұған қоса, ол бала екінші рет жүгінген кезде де қажетті талдаулар мен рентгенді жарты сағат ішінде жасағанын айтты. Алайда баланың бұған дейін операциядан өткенін және ауырсынудың хирургиялық емес басқа себептері болуы мүмкін екенін түсіндірмек болғанда, баланың әкесі жұдырық ала жүгірген.

«Біз оған көмектескіміз келеді, ал ол маған тап берді. Егер әркім осылай шабуыл жасай берсе, біздің күніміз не болады? Осыдан кейін қалай жұмыс істеуге болады? Әрине, біз бәріне бірдей күлімсіреп, психолог бола алмаймыз. Біздің де өз мәселелеріміз бар. Соған қарамастан, жұмыс барысында Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен заң талаптары мен хаттама аясында қызмет етуге тырысамыз», – дейді Қанат Исмаил.

Оның айтуынша, дәрігерлер барлық науқасты бірден операцияға жібере алмайды. Алдымен қажетті тексерулер жүргізіп, отаның шынымен қажет екенін анықтау керек.

Хирург медицина саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, болған жағдайдан кейін кәсіби еңбегінің аяқасты болғанына қынжылатынын жеткізді.

Еске салсақ, бұған дейін желіде ер адамның дәрігердің жағасынан алып жатқан сәті көрсетілген видео тарады. Кейін оқиғаның Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында болғаны мәлім болды. Хирургтің жағасынан алып, жанжал шығарған Шанжархан есімді ер адам видеоүндеу жариялап, мұндай қадамға не себепті барғанын айтып, болған жайтты баяндап берді. Оның сөзінше, жанжалға дәрігердің баласына дер кезінде медициналық көмек көрсетпеуі және намысына тиетін сөз айтуы себеп болған.