Ақтауда өзіне қол салды деген келіншектің өлімін қайта тергейді
Ақтау қаласында Маржан Сұлтанғалиеваның өліміне қатысты тоқтатылған қылмыстық іс қайта тергеуге жіберілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық заң кеңесшілері палатасының мүшесі Ажар Қартбай хабарлады.
Астана, NEGE. Жәбірленуші тараптың өкілі Ажар Қартбайдың айтуынша, Ақтау қаласының прокуратурасы полиция тергеушісінің істі тоқтату туралы шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жойған. Осыған байланысты іс қайта қозғалып, тергеушілерге оны толық әрі жан-жақты зерттеу тапсырылған.
Маржан Сұлтанғалиеваның денесі 1 қаңтар күні Ақтаудағы пәтерлердің бірінен табылған. Полиция бастапқыда бұл оқиғаны өз-өзіне қол салу дерегі ретінде тіркеген. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспей, істің дұрыс тергелмегенін мәлімдеген.
Олардың айтуынша, тергеу барысында кейбір маңызды сараптамалар уақытында жүргізілмеген, ал іс асығыс жабылған. Осы жайттарға байланысты олар істі қайта қарауды талап еткен.