Ақтауда көліктің газ баллоны жарылып, ондаған метрге ұшып кеткен

Ақтауда Hyundai Elantra автокөлігіндегі 45 литрлік газ баллоны жарылыс кезінде ондаған метрге ұшып, көпқабатты үйдің ауласына түскен. 

ҚР ТЖМ

Астана, NEGE. Оқиға 12 қараша күні Ақтау қаласының 27-шағынауданында болды.

Аулада тұрған көліктің газ-баллон жабдығы жарылған. Жарылыстан кейін 45 литрлік газ баллоны ондаған метрге ұшып, аулаға түсіп, өрт тұтанған.  

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама сағат 11:46-да түскен. Көліктегі баллон өрт сөндірушілер жеткенге дейін жарылған.

«Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіруге департаменттің алты қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылды. Жалын сағат 11:58-де толық сөндірілді.

ТЖД зардап шеккендер жоқ дегенімен, кейіннен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы оқиғадан соң күйік алған ер адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады. Дегенмен ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан.

Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерге газ-баллон жабдықтарын уақытылы тексертіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескертті.