8 октября 2024 г. 12:20

Ақтауда топ құрған бойжеткендер өздерінен кіші қыздарды соққыға жыққан (видео)

Фото: Lada.kz

Желіде бір топ бойжеткеннің жасөспірім қызды ұрып жатқаны түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Lada.kz.

Алматы, NEGE. Полицейлер ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Видеоның аудижазбасында кәмелетке толмаған қыздың анасының бірі 19 бен 21 жас аралығындағы қыздардың топ құрып, жасөспірімдерді жинап жатқаны айтылған. Жіберілген аудиожазбадағы мәлімет бойынша, олар қыздарды ұрып-соғып, қысым көрсетіп, қорқытқан.

«Қызым ақымақтықпен олардың тобына қосылған. Олар сауда орталықтарында қыздарды «әдемісің» деп алдап топқа тартып, дос болуға шақырады. Қыздар олармен жақсы араласып, тапсырма алады. Басқа қатарлас қыздарды ұрып-соғып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салады», - дейді қыздардың бірінің анасы. 

Кадрларда қыздардың бірі жасөспірімді басынан жұдырықпен ұрып жатқаны көрінеді.

«Бұл оқиға демалыс күні болды. Маған 12 жастағы қызымды сауда орталығының аумағында ұрып-соғып жатқаны туралы қоңырау түсті. Бірден қызыма қоңырау шала бастадым, бірақ ол жауап бермеді. Кешкі сағат тоғыз шамасы. Күйеуім екеуміз бірден сауда орталығына бардық. Біз келген кезде қараңғы түсіп кеткен, сауда орталығының артында камера жоқ. 20-30 адамды көрдік. Біз барғанша қыздар бір жасөспірім қызды ұрып-соғып, үйіне жіберіп үлгерген. Екінші қыздың ерні жарылып кеткен, менің қызым жарақат алмапты. Оқиға орнына дереу полицейлер шақырдық», – дейді қыздардың бірінің анасы. 

Облыстық полиция ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады. 

«Осы оқиғаға қатысы бар барлық қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. Сондай-ақ заңды өкілдері кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Материал әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданады. Құқық бұзушылар профилактикалық есепке алынды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген хабарламада.