Ақтауда автогаз құю бекеттеріндегі кезек азайды
Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, автогаз құю бекеттеріндегі жағдай тұрақты.
Астана, NEGE. 28 шілде сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, қаладағы 136 автогаз құю бекетінің 33-і ғана жұмыс істеп тұр.
Қаладағы сұйытылған мұнай газының қалған қоры – 302 тонна.
Шілде айына Ақтауға «ҚазГӨЗ» және «АМӨЗ» кәсіпорындарынан барлығы 5760 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Бұған қоса, «АМӨЗ»-ден тағы 480 тонна, ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» арқылы 216 тонна газ жеткізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта қалаға сұйытылған мұнай газын жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, газ құю бекеттеріндегі кезек азайған. Атап айтқанда, 16-шағын аудан мен Шығыс шағын ауданындағы бекеттерде бірнеше көлік қана кезекте тұрған.
Маусым айынан бері Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары автогаз тапшылығы мен газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке шағымданып келеді. Алайда Энергетика министрлігі өңірлерге сұйытылған мұнай газы қажетті мөлшерден де артық көлемде жеткізіліп жатқанын мәлімдеді.