Ақтау маңында жоғалып кеткен жігітті іздеуге ҰҚК сүңгуірлері мен дрондар жұмылдырылды
Маңғыстау облысында 7 шілде күні O'Mir курорттық қонақүйі маңында жоғалып кеткен 18 жастағы Азамат Дүйсеханов есімді бозбала іздестірліп жатыр.
Астана, NEGE. Lada.kz ақпаратынша, ауқымды іздеу-құтқару жұмыстарына барлығы 53 адам жұмылдырылған. Соның ішінде іздеу операциясына Әскери-теңіз күштерінің 5 сүңгуірі, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 5 сүңгуірі қатысуда.
Бұған қоса 6 техника, 3 жүзу құралы, 8 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.
Құтқарушылардың мәліметінше, іздеу жүргізіліп жатқан аумақта ауа температурасы 30°C, су температурасы 22°C. Ауа райы бұлтты, шығыстан секундына 4 метр жылдамдықпен жел соғып тұр.
Туған күнінде жоғалып кеткен Азаматты іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда.