Ақсудан соң Алматыда не болмақ?
Павлодар облысындағы Ақсу қаласында қазандық бірнеше жылдан бері іске қосылмай, «сақалды құрылысқа» айналды. Ал оны салған компания тағы бір ірі әрі маңызды жобаға тартылды.
Астана, NEGE. Ақсу қаласындағы қазандық құрылысы көп жылдан бері созылып, түйіні тарқамаған мәселеге айналды. Жобаға KBI Energy компаниясы қатысқан. Енді бұл компания атауын KBI Energy Group деп өзгертіп, Алматыдағы үшінші жылу-электр орталығының құрылысына жүргізгелі отыр.
Ақсудағы қазандық құрылысына бюджеттен шамамен 11 миллиард теңге жұмсалған. Алайда нысан әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. Себебі жобалау кезеңінде жіберілген қателіктер салдарынан қажетті құрал-жабдықтар толық қарастырылмаған. Өткен қыста қаланы ферроқорытпа зауыты жылумен қамтамасыз еткен.
Қазір қаладағы жылу желілерінің 70 пайызы тозған. Осыған байланысты жаңа қазандық салу туралы шешім қабылданған еді. Жоба жоспар бойынша 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда негізгі мәселе – газ тазарту жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және күл шығару жүйесіндегі кемшіліктер.
Қазір бұл мәселе Энергетика министрлігінің бақылауында. Ведомство арнайы жұмыс тобын құрып, нысанды 2026 жылы іске қосуға арналған Жол картасын бекіткен.
5 мамыр күні Үкіметтегі баспасөз мәслихатында тілші Илья Астахов KBI Energy Group компаниясының банк шоттары бұғатталғанын және мүлкіне қатысты нотариалдық әрекеттер жасауға тыйым салынғанын айтып, «Олардың жылу-электр орталығын толық салып шығатынына сенімдісіз бе?» – деп сұрады.
«Самұрық-Энерго» ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Мақсұтов компанияның электр энергетикасы нысандарын салуда мол тәжірибесі бар екенін айтып, бұл жобаның жүзеге асатынына күмәнданбайтынын жеткізді.