АҚШ-тағы бүліктен қандай сабақ алуымыз керек?
АҚШ отқа оранды. Бейбіт шерулердің арты нағыз бүлікке, тонаушылыққа, көліктер мен ғимараттарды өртеуге әкеліп соқты. Наразылық акциялары елдің оңтүстігі мен солтүстігінде, батысы мен шығысында бұрқ етіп, қаулап барады. Бұған қара нәсілді Джорд Флойдты полиция қызметкері аяусыз тұншықтырып өлтіргені себеп болды. Әрине, бұл – тұтанғалы тұрған құрғақ шөпке тиген ұшқын ғана.
Ел президенті Трамптың өзі бункерге тығылып, бүлікті әскердің күшімен басуға пәрмен берді. АҚШ-та «бүліктің артында Ресей тұр», «белсенділердің Қытай елшілігімен тығыз байланысы бар екен» деп сыртқы күштерге сілтеушілер де табылды. «Ішкі жаулардың» да аты аталды. Соның бірі – мультимиллиардер Джордж Сорос.
Ресей телеарналары болса, күстәналауға көшкен. «АҚШ жұрттан адам құқығын талап еткенше, алдымен өз азаматтарының құқығын жөндесін» деген сыңайда миығынан күліп отыр. Ақ үйдің қырына алынған Қытайдың да іштей «ақсарыбас» айтқаны құпия болмаса керек.
Шынтуайтында, бар гәп АҚШ қоғамындағы нәсілдік, әлеуметтік және саяси мәселелердің қордалануында жатқан тәрізді. Оның үстіне, Трамп келгелі бұрын-соңды болмаған элитааралық қырқыс енді тасадан сыртқа шығып, ашық айқасқа айналатын түрі бар.
Бүлінгеннен бүлдіргі алу, сенсация іздеу – журналистердің кәсібі. Сондықтан наразылық акциялары кезіндегі бейбастақтық, тонау, кісі өлімі секілді жайттар басты назарға алынып отыр. Дегенмен, жаппай қарсылық шеруі бейбіт түрде өтіп жатқан көрінеді. Ірі басылымдар мен телеарналар үшін полицейлердің демонстранттарды құшақтаған, ынтымақтастық білдірген фотолар мен бейнетүсірілімдерден гөрі бүлік маңыздырақ.
Басты мәселе – афроамерикалықтардың нәсілдік кемсітушілікке жиі ұшырауы мен ақ нәсілді полиция қызметкерлерінің қараларға келгенде асқан қатігездігінде. Әйтеуір, қаралар осылай дейді. Өз елімізде өгейміз дейді. Әлемді аузына қаратып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, бақуатты елде нәсілдік, этникалық проблема бар екенін АҚШ-тың бұрынғы бес президенті де мойындады.
Бұл не, сонда? «Көпмәдениеттен (көп ұлттан – автор.) тұратынымыз – біздің басты артықшылығымыз», – деген сөзді америкалықтардың аузынан талай естігенбіз. Бірақ қазір осы «артықшылық» Ақ үйдің басты ауруына айналып шыға келді. Саяси ізеттілік деген бар. Кейбір жайттар ашық айтылмауы керек. Десе де, АҚШ секілді бай елдің өзінің тәжірибесі көпмәдениеттіліктің, бізше, этникалық ала-құлалықтың проблема екенін дәлелдеп беріп отыр ма? Бұдан біздің қоғам қандай сабақ алуы тиіс?
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы: Біздегі түсініспеушіліктің тамыры тереңдеу
– Америкадағы нәсілшілдіктің тамыры тым тереңде жатыр. АҚШ құрылғалы бері нәсілдік кемсітумен күресіп келеді десе болады. Өткен ғасырда ғана оларда ашық нәсілдік сегрегация болған, қара нәсілділер адам санатына кірмеген, ақтар ішкен суды ішуге, ақтар жүрген жермен жүруге тиым салынған.
Соңғы жылдары көп прогресс болған сияқты. Қара нәсілді Барак Обаманың президент болуы – ерекше жетістік. Бірақ жалпы қоғамның құрылысына байланысты бұл мәселені түп-орнымен шешу мүмкін болмай отыр. Флойдты өлтірген полицей де, оған қарап тұрғандар да – сол нәсілшіл сананың, Американы тек ақ нәсілділердің отаны деп санайтын менмендіктің мысалы. Қара нәсілділерде сенімсіздік бар, олардың ата-анасы жақсы жұмыс істей алмаған соң, балалары да жақсы білім ала алмайды, сөйтіп кедейлік, қорсыну, бөлектену ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді.
Бұл жағынан Қазақстанды АҚШ-пен салыстыруға болмайды, әрине. Қазақстан – ұлттық бірегейлігін әлі қалыптастырып болмаған ел. Сондықтан біздегі түсініспеушіліктің тамыры тереңдеу. АҚШ-та біртұтас елдің азаматтары келіспей қалса, бізде санасы сол біртұтас елді қабылдай қоймаған адамдар арасында түсініспеушілік болып жатады. Басқаша айтқанда, АҚШ-та бір үйдің балалары шекіссе, бізде елді өзі үй санамайтындар, не басқаларды өгейсітетіндер дүрдараз болады. Негізі де, мотиві де, адресаты да басқа. Яғни, Қазақстандағы ұлтаралық араздықтың тамыры саяси мәселеге жақын, оны шешу үшін ұлттық бірегейліктің қазығын берік қағу керек.
Ал демократия, сөз бостандығы, жиналу бостандығы жағынан салыстыру тіпті мүмкін емес. Меніңше, АҚШ демократияның арқасында нәсілшілдікті жеңуде ілгерілей алды. Қара нәсілділердің құқықтарын қорғайтын ұйымдар, белсенділер өте көп. Олар қара нәсілділердің кемсітіліп жатқанын жан-жақты зерттеу арқылы дәлелдеп бере алады. Түрмедегілердің көбі қаралар екенін, полицейдің қолынан қаралардың көбірек өлетінін ашық айтып, дабыл қаға алады, соның арқасында саясатқа ықпал етуге болады. Демократия институттары дамымаған елдерде нәсілдік өшпенділіктің тамыры тереңге жайылып, оны шешу мәселесі кейінге ысырыла береді.
Петр Своик, саясаткер: КСРО-ның кебін енді АҚШ кигелі отыр
– Көпмәдениеттілік – кез келген мемлекеттік құрылым үшін үлкен жетістік. Кез келген мемлекеттің, тіпті, әлемдік құдіреті бар елдердің де шақтап берілген өмір сүру мерзімі бар. Бұрынғы КСРО-ның кебін енді АҚШ кигелі отыр. Элитада ішінен жік шыққан кезде, бұл жік қоғам ішіндегі этникааралық, әлеуметтік және басқа да қатынастарға әсер етеді. Американың проблемасы ақтар мен қаралардың жаға жыртысып қалуында емес, біртұтас елдің элитасы ішіндегі бітіспес дүрдараздықта. Олар бір-біріне соғыс ашып, осындай тәсілдерді де қолданып жатыр. Қазақстанда мұндай жікшілдіктің, кландық соғыстың бетін аулақ қылсын!
Шыңғыс Мұхан, журналист: Проблема адамдардың стереотиптерінде жатыр
– Трамп президент болып сайланғанда мен Америкада болдым. Сайлана салысымен әйелдер шеруі өтті. Оның себебі, Трамптың әйелдер мәселесіне қатысты беделі екіұдай. Себебі, электоралды кезеңде Трампты ерінбеген әйелдердің бәрі айыптады. Біреуі «маған көзін қысты» десе, екіншісі «қырындады» деп жазғырды. Рас-өтірігін қайдам, әйтеуір, сол кезде Трамп нәпсіқұмар адам ретінде әсер қалдырды. Сол кезде Джон Керридің бастамасымен бүкіл әйелдер көшеге шықты. Ақ үйдің төңірегі бейбіт шеруден көз ашпады. Америкалықтардың саяси санасына, шеру өткізуде мәдениетінің жоғарылығына қатты таңқалған едім.
Содан бері екі жыл өтті. Қаранәсілді Флойдтың өліміне қатысты америкалықтар бейбіт шеруге емес, мінез көрсетіп, талқандап, басбұзарлыққа барып жатқанына куә болдық. Екі жыл ішінде бейбіт шеруден бей-берекет бассыздыққа дейін барды.
Шерудің қалай өтетіні сол кездегі мәселелерге, шеруге түрткі болған жайтқа байланысты өрбиді деп ойлаймын. Мәселе жеңілдеу болса, бейбіт өтеді. Қан төгілген жағдайда, шеру де бейбіт өтпейтін секілді.
Көп ұлттылық – негізі проблема емес. Проблема адамдардың стереотиптерінде, таптаурын түсініктерінде жатыр. Қаранәсілділер неге ұдайы зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады? Себебі, «қаранәсілділер бұрын құл болған» деген атадан балаға мирас боп келе жатқан түсінік бар. «Енді келіп ақырып, теңдік сұрап жүр» дегендей стереотиптер бар. Соның әсері ара-тұра осындай қозғалысқа алып келіп тұрады. Көпұлттылықтан емес, адамдардың осындай қасаң пікірінен проблема іздеген дұрыс болады. Мұндай стереотиптер бізде де бар. Кейбір ұлттар өздерін «қазаққа әріп танытып, адам қылдық» деп ойлауы мүмкін. Осындай стереотиптер атадан балаға мирас болып, көп қиындық туғызады. Қасаң түсініктер осындай қайғыға ұласып кетуі ықтимал. Бір адамның қасаң түсінігі өз басының мәселесі болса, ал бір топ адамдікі қоғамның проблемасына ұласып кетеді. Қазақстандағы ұлтаралық қақтығыс деген термин қолданылмайды. Дегенмен, қазақ пен өзге ұлттың текетіресіп қалуы тұрғысынан қарасақ, бұл мәдениетаралық коммуникацияның төмендігінен болып жатады.
Тоғжан Қожалиева, саясаткер: Бір мемлекетте тұрғанымен, бізде әр ұлттың өз өркениеті, өз резервациясы бар
– Америкаға келсек, бір қалада тұрғанымен қаралардың, ақтардың және басқа да ұлттардың аудандары бөлек. Біз де соған келе жатырмыз. Орыстар, қазақтар, өзбектер бөлек тұрып жатыр. Бір-бірімен араласпайды. Бір мемлекетте тұрғанымен, бізде әр ұлттың өз өркениеті, өз резервациясы бар. Мәселен, Шымкент бұған жақсы мысал бола алады. Түркістан облысында өзбек ауылы, қазақ ауылы, түрік ауылы бар. Бұл – дұрыс емес, келешек те Америкадағыдай мәселелерге әкеліп соғуы мүмкін.
Бізге Қазақстан халқы ассамблеясы керек емес. Өйткені, оның саясаты әрбір ұлттың өз бетінше дамуын көздейді. Ассамблея алғаш құрылғанда: «Басқа халықтардың өзін Қазақстанның халқы ретінде сезінуін қамтамасыз етеміз» деген ереже жазылған болатын. Бірақ ондай жұмыстар мүлде атқарылып жатқан жоқ. Көбісі «ақша алып, орталықтарымызды құрып, тіршілік жасап, бөлек дамимыз» дейді. Ал Қазақстан халқы ретінде ұйыту жұмыстары жасалып жатқан жоқ. Біздің ұстанымымыз бойынша, «қазақстандық ұлт» дегенді алып тастау қажет. Мәселен, түріктің арасында армян да, грузин де, грек те, қазақ та, қырғыз да бар. Алайда, бәрі өздерін түрікпіз дейді. Күрділерден басқасы. «Біз қазақпыз» деген ұғымды дамытуымыз керек. «Қазақпын, тегім өзбек, орыс, татар. Еліміз бен жеріміз осы», – деген ұғымды нығайту керек. Қазақстанда тұратын этникалық әртүрлілікке қарамастан, бір ұлт ретінде дамуға тиіспіз.
Максим Казначеев, саясаттанушы: Еуропа елдерінде қабылданған стандарттарға жүгінгеніміз жөн
– Көпмәдениеттіліктің проблема екеніне күмәнмен қараймын. Әлемде сүттей ұйып отырған көпмәдениетті елдер аз емес. Мәселен, Швейцарияны алып қарайық. Осы таулы елде мұндай мәселе атымен жоқ. Бұл жөнінде сөз қозғайтын болсақ, алдымен түрлі этникалық, нәсілдік, ұлттық, діни топтардың мүдделерін реттеудегі мемлекеттік саясатта жіберілген қателіктерді қарастыруымыз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, оңды үлгілер де, америкалық секілді теріс үлгілер де кездеседі. Біз соларды зерделеп, америкалық үлгіден сабақ алуымыз тиіс. Сондықтан, мәдени қатынастарды реттеуде Еуропа елдерінде қабылданған стандарттарға жүгінгеніміз жөн. Әрине, Еуропада да түрлі оқиғалар болып жатады. Бірақ олар мұндай жаппай, үлкен көлемде болған емес.