«Ақшаны қайтарыңдар»: Павлодар әкімдігі әлеуметтік төлемге қатысты түсініктеме берді

Павлодарда мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік төлемді қайтару туралы хабарламалар тарады. Қала әкімдігі ата-аналар ақшаны қайтармайтынын мәлімдеді.

Pixabay

Астана, NEGE. Бұған дейін Павлодарда Конституция күніне орай мүгедектігі бар әр балаға 25 айлық есептік көрсеткіш (108 125 теңге) көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріліп келді. Сәйкесінше, екі баласы бар отбасы 216 250 теңгеден алатын.

Биыл төлем тәртібі өзгергендіктен әлеуметтік көмек Конституция күні емес, Республика күніне орай берілді. Сондай-ақ 108 125 теңге әр балаға емес, отбасындағы бала санына қарамастан, бір отбасыға төленуі тиіс.

Алайда кейбір отбасыларға ақша бұрынғы тәртіппен, әр балаға жеке аударылды. Қалалық әлеуметтік қорғау бөлімінің түсіндіруінше, төлем жүйесі уақытында жаңартылмағандықтан, қаражат ескі тәртіп бойынша есептелген.

Осыдан кейін ата-аналарға артық аударылған ақшаны қайтару туралы хабарламалар келді. Алайда Павлодар әкімдігі мұндай ақпаратты жоққа шығарды.

«Мессенджерлерде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қайталанып есептелген әлеуметтік төлемдерді қайтару туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз», – деп мәлімдеді әкімдік БАҚ-қа берген жауабында.

Сонымен қатар бөлімнің бухгалтерлік деректерін бергені үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әкімдік оған қандай жаза қолданылатынын нақтыламады.