«Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң – талтаңда...» – Төреғали Төреәлі кепілдікпен босатылды
"Көлсай" ұлттық саябағының аумағында гидті соққыға жыққаны үшін айыпталған әнші Төреғали Төреәлі кепілдікпен босатылады, деп жазды Sputnik Қазақстан.
Алматы, NEGE. Ақпаратты Алматы облысы Кеген аудандық сотының баспасөз қызметі растады.
"Кеген ауданы сотының қаулысымен Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша күдікке ілінген Төреғали Әлиханов 10 миллион теңге кепілдікпен тергеу изоляторынан босатылады", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының полициясы әнші Төреғали Төреәлінің гидті ұрып-соққаны туралы интернетте жарияланған жазбадан кейін іс қозғады.
Оқиға 28 қыркүйекте "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағында болған, деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
"Құқық бұзушылық Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркелді. Қазақстан заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптама жүргізіліп, оқиғаның шынайы мән-жайы анықталады", - деп хабарлады полиция.
Қылмыстық істің тергелу барысы мен нәтижесі Алматы облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.