6 октября 2020 г. 19:00

Ақша, кет! НЕГЕ революцияның бағасы қымбат?

Фото:

Түнгі революцияны бастан кешірген Қырғызстан бір күнде 7 миллион доллар жоғалтты. Ал Беларусь IT-компаниялар елден кетіп қалса, валюта кризисін бастан кешуі мүмкін.

Сонымен бірге, Украинаның ішкі жалпы ұлттық өнімі майдан болмай тұрған 2013 жылғы деңгейіне әлі жете алмай келеді. Экономика тұрақтылықты жақсы көретінін және саяси ахуал өзгере бастаса бірден мазасыздық танытатынын байқатты.

Саяси кризис басталған Қырғызстанда уақытша үкімет жасақталып жатқандықтан, тауар айналымы, кедендік үрдістер тоқтап тұр. Қарапайым сыртқы сауда операциялары қырғыз экономикасы үшін негізгі кіріс көзінің бірі болып табылатындықтан, күнделікті зиян 200-300 миллион сом аралығында болуы мүмкін деп жазады, Tengenomika.

«Кез-келген елде елде толқулар басталса, ең бірінші кезекте валюта, облигациялар ұстап отырған қаржылық инвесторлар қашады», - деп түсіндіреді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Одан кейін халықаралық агенттіктер тәуекелдердің көбейіп кеткендігін ескере отырып, елдің суверенді рейтингін төмендетіп тастауы мүмкін. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салып отырған халықаралық компаниялардың елден тезірек кетуіне түрткі болады»

Егер революция тоталитарлы жүйе не автократиядан айқын демократияға әкеліп, соттардың тәуелсіз болуын қамтамасыз ете алса, онда экономика қысқа мерзімді құлдыраудан кейін бірден қарыштап дами бастайды. Оған тез арада ішкі реформаларын жүргізіп, Еуропамен сауда интеграциясын белсенді құрған Балтық жағалауы мемлекеттері дәлел.  

Мысалы, халықаралық деңгейдегі экономист Сергей Гуриевтің пікірінше, Қазақстанға тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін саяси режимді демократияландыру керек. Бұл жағдайда, экономика ең алдымен үрейден арылады, мемлекет өзінің экономикаға толық қатысуын доғарып, жекеменшік нарықтағы бәсекелестік дамиды.

Онымен бірге, революцияның арқасында жемқорлық сияқты қоғамның келеңсіз қылықтары тамырымен жойылса, ел экономикасы адам танымастай болып жақсара алады. Оның нақты мысалы - Грузия.

Революцияның экономикаға пайдасы да, зияны да бар. Егер олигархат революция жемісін пайдаланып, билікке келіп алып монополия орнатса, онда экономика төменге кетеді. Егер төңкеріс қоғамдардағы барлық процесстерге ашықтық алып келіп, қаржылық алпауыттарды саясаттан ығыстыра алса, болашақта елдің жағдайы жақсара түспек.

Тегтер: