АҚШ және Иран президенттері соғысты тоқтатуға бағытталған келісімге қол қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан соғысты тоқтатуға бағытталған алдын ала бейбіт келісімге қол қойды. Келісім аясында Ормуз бұғазының жұмысын қайта жандандыру, Иранды қайта қалпына келтіруге бағытталған құны 300 миллиард доллар болатын жоспарды іске асыру, сондай-ақ АҚШ-тың Иранға қатысты санкцияларын алып тастау көзделген.

Shutterstock

Астана, NEGE. BBC ақпаратынша, қақтығыстың негізгі себебі болып саналатын Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі келіссөздер барысында әлі толық шешілмеген. Осыған байланысты келіссөздер тағы 60 күнге созылуы мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамп «Өзара түсіністік туралы меморандум» деп аталатын бастапқы келісімнің қағаз нұсқасына Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырған мемлекеттік кешкі ас кезінде қол қойды. Иран президенті Масуд Пезешкиан да сәрсенбі күні құжатқа қол қойғанын Тегеран растады.

Иран парламентінің төрағасы әрі негізгі келіссөз жүргізушілердің бірі Мұхаммад Багер Ғалибаф мемлекеттік БАҚ-қа берген сұхбатында АҚШ-қа деген сенімсіздігі сақталып отырғанын айтып, Иранның «саусағы әлі де шүріппеде тұрғанын» мәлімдеді.

«Егер жау логика тілін түсінбесе, біз қайтадан күш көрсету арқылы әрекет етеміз», – деді ол мемлекеттік арнаға берген сұхбатында.

Келісімде «Иран ядролық қаруды сатып алмайтынын және әзірлемейтінін растайды» деп көрсетілген. Бұл соғыс басталғалы бері Трамп қойған басты талаптардың бірі болған.

Меморандумда сондай-ақ Иранның байытылған ураны ел аумағында-ақ сұйылтылатыны, яғни оның байыту деңгейі төмендетілетіні жазылған. Бұл процесс БҰҰ-ның ядролық бақылау органы – Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бақылауымен іске асырылады.

Айта кетейік, бастапқыда АҚШ Иранның ядролық материалдарын елден толықтай шығаруды талап еткен болатын.

Ормуз бұғазына қатысты келісімге сәйкес, алдағы 60 күн бойы осы стратегиялық маңызы зор су жолы арқылы өтетін кемелерден транзиттік алым алынбайды.

Алайда Мохаммад Багер Ғалибаф келісімде көзделген 60 күндік мерзім аяқталғаннан кейін Иран осы маңызды бұғаз арқылы өтетін кемелерден қайтадан алым ала бастауы мүмкін екенін айтқан.

Ғалибафтың сөзінше, Ормуз бұғазының болашақтағы жұмыс тәртібі жаңа геосаяси жағдайлар мен келіссөздердің нәтижесіне байланысты болады.