17 июня 2025 г. 10:15

«Бұл соғысты біз бастаған жоқпыз» – Ирандық дипломат Реза Ахадишахри

Фото: Ғаламтордан

Иран мен Израиль арасындағы соғыс Таяу Шығыстағы шиеленістің аса қауіпті кезеңіне өтті. Ондаған жылдар бойы жанама түрде жүріп жатқан текетірес тікелей шабуылдарға ұласты. Әлемдік қауымдастық аймақта кең ауқымды соғыс қаупі туындағанын алаңдаушылықпен бақылап отыр. 

NEGE тілшісі осы күрделі кезең туралы ирандық саясаткер, дипломат және AMF жастар комитетінің төрағасы Реза Ахадишахриден пікір сұрады.

– Реза мырза, Иран қазіргі қақтығыс кезеңін қалай бағалайды?

– Иран тарапы бұл шиеленісті соғыс жариялау емес, жауап әрекет ретінде қарастырады. Иран аймақтың үлкен соғыс шегіне жақындағанын мойындайды, алайда бейбіт жолдың әлі де мүмкін екенін ескертеді. Бұл соғысты біз бастаған жоқпыз. Бірақ өз жерімізге және азаматтарымызға жасалған агрессияға жауап беру – міндетіміз.

Фото: Жеке мұрағатынан

– Иранның басты мақсаты қандай?

– Біздің мақсатымыз адамгершілік парыздан туындайды, яғни әділетті қорғау, басқыншылыққа қарсы тұру және қысым көріп отырған халықтарға қолдау көрсету. Біз өз шекарамызды ғана емес, жалпы шындық пен ар-ожданды қорғауға жауаптымыз. Ал Палестинаны қолдау – тарихи және моральдық борышымыз.

Израиль Газада 70 000 адамның, оның ішінде 50 000-нан астам бала мен әйелдің өмірін қиды. Бұл геноцидтің жалғасуына әлем еш тосқауыл бола алмады. Керісінше, кейбір елдер қолдап та отыр. Сонда біз кімге сенуіміз керек? Қай әлем бізді қорғайды? Қай халықаралық ұйым әділет үшін сөз сөйледі? Мұндай жағдайда біз неге өз тағдырымызды олардың қолына тапсыруымыз керек?

– Иран өз әрекетін «жаһандық әділетсіздікке» жауап ретінде сипаттайды. Әскери қадамдардан бөлек, Иран халықаралық деңгейде қандай шаралар жасады?

– Біз әлемдік әділетсіздікпен күресте дипломатиялық және гуманитарлық қадамдар жасап жатырмыз. Атап айтқанда, БҰҰ-ға Палестина бойынша жалпыұлттық референдум өткізу жоспарын ұсындық, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар арқылы палестиналықтарға көмек көрсеттік. Ал АҚШ Газадағы бейбіт бастамаларға кедергі келтіріп отыр.

Фото: ғаламтордан

– Иран қандай жағдайда келіссөзге дайын болады?

– Біз үшін дипломатия жолы ешқашан жабылған емес. Бірақ, шындыққа тура қарайықшы, бұл жолда бізге талай рет тұзақ құрылды. Біз дипломатия есігін ашып жатқанда, олар ту сыртымыздан соққы жасап әдеттенді. Тарих бұған куә.

Саддам Хусейн АҚШ-пен келіссөз үстінде отырғанда шабуылға ұшырады. Израиль бітімге келісіп, Хезболла келісімге қол қойған күні Сейед Хасан Насрулланың өмірі  қиылды. Иран мен АҚШ келісімге жақындап, Омандағы кездесу таяғанда Израиль бізге шабуыл жасады және бұл шабуылды АҚШ тек қолдап қоймай, соған қатысып та үлгерді. Яғни Батыс үшін дипломатия тек тактикалық әскери стратегия ғана. Барлық келісімдер олардың тарапынан бұзылды. Ендеше біз неге оларға сенуіміз керек? Қандай кепілдік бар?

Бүгін бізге қарсы тұрған қарсылас – халықаралық қылмыстық сот іздеу салған, геноцидке қатысы бар деп танылған адамның басқаруындағы, террористік және апартеидтік режим. Олар үшін заң да, мораль да, адамгершілік те түкке тұрмайды. Ең сорақысы, әлем бұған көз жұма қарап отыр.

Сондықтан да, қазір Иран мұндайға көнбейді. Біз қансырап жатсақ та, ар алдында және адамзаттық борыш алдында агрессорға жауап беріп отырмыз. Бұл тек кек емес, бұл – әділет үшін күрес.