АҚШ-та Трампқа қарсы наразылық күшейді
Алматы, NEGE. Митингіге шыққандар Дональд Трампты билікті өз қолына шоғырландырып, жемқорлыққа жол беріп отыр деп айыптады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, күн соңына қарай ел бойынша 2,6 мыңнан астам акцияға миллиондаған адам қатысқан. Наразылықтар Нью-Йорк, Бостон, Филадельфия, Атланта, Денвер, Чикаго, Сиэтл, Лос-Анджелес және басқа да қалаларда өтті.
Нью-Йорк полициясы Таймс-сквер алаңында өткен митинг кезінде бірде-бір адам ұсталған жоқ деп мәлімдеді. Сан-Диегода ресми деректер бойынша 25 мыңнан астам адам наразылыққа шыққан. Жалпы, шаралар бейбіт түрде, ешқандай қақтығыссыз өтті.
– «Бізде патшалар жоқ» деп айтып, бейбіт шеруге шығу — америкалық еркіндіктің шынайы көрінісі, – деді Indivisible ұйымының тең құрылтайшысы әрі қозғалыс үйлестірушілерінің бірі Лия Гринберг.
Наразылыққа шыққандар Трамп әкімшілігінің бірқатар шешіміне қарсылық білдірді. Олардың қатарында саяси қарсыластарды қудалау, қатаң көші-қон саясаты және қалаларға Ұлттық гвардияны енгізу бар. Президент мұндай әрекеттерін қылмыспен күрес және көші-қон қызметтерін қорғау мақсатымен түсіндірді.
Бақылаушылардың пікірінше, бұл наразылықтар америкалықтардың, әсіресе солшыл көзқарастағылардың, Ақ үй саясатына деген өшпенділігі мен наразылығының күшейгенін көрсетеді. Сарапшылар Дональд Трамптың демократиялық қағидаттарға нұқсан келтіріп, мемлекеттік лауазымдарға тәжірибесіз, бірақ өзіне адал адамдарды тағайындап, БАҚ-қа, университеттерге және құқықтық ұйымдарға қысымды күшейтіп отырғанын айтады.