АҚШ-та НЛО туралы мәліметтер осы аптада жариялана бастауы мүмкін
АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонға белгісіз ұшатын нысан мен жерден тыс тіршілікке қатысты үкімет құжаттарын жария етуді тапсырды.
Астана, NEGE. АҚШ-та белгісіз ұшатын нысан мен жерден тыс өркениеттерге қатысты материалдарды жариялауға дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Fox News.
Өкілдер палатасының мүшесі Анна Паулина Луна жетекшілік ететін жұмыс тобы Дональд Трамптың құпия құжаттарды жариялау туралы жарлығының орындалуын бақылауға алады.
Осы аптада Луна Федералды тергеу бюросы және Қорғаныс министрлігі өкілдерімен кездесіп, ұшатын белгісіз нысандарға қатысты бейнежазбаларды жариялауды талап етпек.
Айта кетейік, таяуда АҚШ Президенті Дональд Трамп Пентагон басшысы Пит Хегсетке үкіметтің бөгде ғалам және ұшатын белгісіз нысандар туралы құжаттарын жариялауды тапсырған еді. Бұл туралы ол 20 ақпанда Truth Social желісінде жазды.
«Мен соғыс министріне және тиісті департаменттер мен агенттіктерге бөгде ғалам, жерден тыс өмір, белгісіз әуе құбылыстары және белгісіз ұшатын нысандар туралы үкімет құжаттарын анықтап, жариялау процесін бастауға тапсырма беремін. Сондай-ақ осы өте күрделі, бірақ аса қызық және маңызды мәселелерге қатысты кез келген басқа ақпаратты да жариялауды бұйырамын», – деп жазды Ақ үй басшысы.
Трамптың бұл мәлімдемесіне бұрынғы президент Барак Обаманың сұхбаты түрткі болды. Ол сұхбатта жерден тыс өмір болуы мүмкін екені талқыланған еді. Осы сұхбаттан кейін қоғамда қызу талқы жүрді. Трамп бұл пікірлерді сынға алып, құжаттарды жариялау бұрыннан белгілі жайттарды нақтылауға көмектесетінін атап өтті.