АҚШ Ормуз бұғазында жаңа соққылар жасады
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) ресми өкілі Тим Хокинстің мәліметінше, америкалық күштер Ормуз бұғазы маңында қауіп төндірген төрт ирандық камикадзе-дронның көзін жойды. Сондай-ақ Бендер-Аббас қаласындағы бесінші дронды ұшыруға дайындап жатқан жерүсті басқару станциясын да атқылады.
Астана, NEGE. Бұл – АҚШ-тың соңғы үш күндегі Иранға жасаған екінші шабуылы. Шабуылдар бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан бітім жағдайында және үш айға жуық созылған соғысты тоқтату мен Ормуз бұғазын қайта ашу жөніндегі келіссөздерге қарамастан жасалып отыр.
Бұл туралы мәліметтер сәрсенбі күні АҚШ Президенті Дональд Трамптың министрлер кабинетінің отырысында белгілі болды. Жиналыста ол өз әкімшілігінің қақтығысты реттеу бағытында ілгерілеуге қол жеткізіп жатқанын мәлімдеді. Алайда кейінірек ол келіссөздер сәтсіз аяқталса, АҚШ «істі соңына дейін жеткізуге мәжбүр болатынын» ескертті.
«Олар келісімге келгісі келеді. Әзірге бұған қол жеткізе алған жоқ. Бұл бізді қанағаттандырмайды. Бірақ біз не келісімге қол жеткіземіз, не істі соңына дейін жеткізуге мәжбүр боламыз», – деді Трамп.
Өз кезегінде Иран әскері АҚШ-тың Бендер-Аббас маңындағы нысанға жасаған соққысына жауап ретінде америкалық әскери-әуе базасына шабуыл жасаған. Бұл туралы Иранның Tasnim агенттігі Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады.
Сақшылар корпусы өкілдерінің айтуынша, бұл шабуыл АҚШ үшін «елеулі ескерту» болуы тиіс. Иран тарабы егер америкалық шабуылдар жалғасса, жауап шаралары бұдан да қатаң болатынын ескертті.