АҚШ Өкілдер палатасы Трампқа Иранға қарсы соғысты жалғастыруға тыйым салатын қарарды мақұлдады
Республикалықтар басқаратын АҚШ Өкілдер палатасы сәрсенбі күні президент Дональд Трампқа Иранға қарсы соғысты жалғастыруға тыйым салатын қарарды мақұлдады.
Астана, NEGE. Reuters мәліметінше, 215 конгрессмен қарарды қолдап дауыс берсе, 208 депутат қарсы болған. Дауыс беру кезінде төрт республикашыл заң шығарушы демократтармен бірге қарарды қолдады. Әскери өкілеттіктер туралы бұл қарарға сәйкес, егер Конгресс ресми түрде соғыс жарияламаса немесе әскери күш қолдануға рұқсат бермесе, Трамп АҚШ әскерлерін Ираннан шығаруға міндеттеледі.
Дегенмен бұл дауыс беру көбіне символдық сипатқа ие. Өйткені заңның күшіне енуі үшін оны Сенат та, Өкілдер палатасы да қабылдауы қажет. Сонымен қатар Конгресс мақұлдаған күннің өзінде әскери өкілеттіктер туралы мұндай қарарлардың Конституцияға сәйкестігі жөнінде пікірталастар жалғасып жатыр.
Соған қарамастан дауыс беру нәтижесі кейбір республикашылдардың Трамптың Иранға қатысты әрекеттеріне алаңдайтынын көрсетіп отыр. Бұған дейінгі үш ұқсас қарар Өкілдер палатасында аз ғана айырмашылықпен қабылданбай қалғандықтан, ал республикашыл көшбасшылар мамыр айында дауыс беруді кейінге шегерген еді.
Демократтар Трампты Ирандағы қақтығысқа байланысты әскери күш қолдануға рұқсат алу үшін Конгреске жүгінуге шақырды. Олардың айтуынша, АҚШ Конституциясы бойынша соғыс жариялау құқығы президентке емес, заң шығарушы органға тиесілі.
Сондай-ақ демократтар Трампты «нақты стратегиясыз елді ұзаққа созылатын қақтығысқа тартып жатыр» деп айыптады. Бұған қоса, олар 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға бірлескен әуе шабуылдарынан бері бензиннің, азық-түліктің және басқа да тауарлардың қымбаттауын сынға алды.
Ал Трамп әкімшілігі Иранмен соғысты «АҚШ ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет» деп санайды.