АҚШ конгресі Трамп отбасының қаржылық операцияларын тексермек
АҚШ демократтары президент Дональд Трамп отбасының қаржылық операциялары мен оның әкімшілігінің ықтимал өкілеттіктерді теріс пайдалану деректерін тексеруді көздеп отыр.
Астана, NEGE. Reuters агенттігінің хабарлауынша, демократтар қарашадағы аралық сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Конгрестегі бақылау тетіктерін пайдалануға дайындалып жатыр. Олар қаңтардан бастап Өкілдер палатасы мен Сенаттағы бірқатар комитетті басқарып, Трамп әкімшілігінің қызметіне қатысты тексеру жүргізуді жоспарлаған.
АҚШ Өкілдер палатасының қадағалау комитетінің келесі төрағасы болуы ықтимал конгрессмен Роберт Гарсия Дональд Трамптың отбасы мүшелері мен жақын серіктеріне 12 хат жолдаған. Құжаттарда ықтимал мүдделер қақтығысы мен әкімшілік тарапынан өкілеттіктерді теріс пайдалану деректеріне қатысты материалдарды сақтап қою талап етілген.
Гарсия хаттарды Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трампқа, күйеу баласы Джаред Кушнерге, Ақ үй аппаратының жетекшісі Стивен Миллерге, вице-президент Джей Ди Вэнске, бас прокурор Тодд Бланшқа және басқа да тұлғаларға жіберген.
Ал Ақ үй өкілі Лорен Бис Дональд Трамптың кез келген тараппен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Алайда демократтар «жалған тергеулер мен радикалды солшыл саясатты» таңдаса, бұл америкалықтардың мүддесіне қарсы әрекет болатынын ескерткен.
Reuters атап өткендей, Гарсияның хаттары Трамп отбасы мүшелерінің заңсыз әрекетке барғанын дәлелдемейді. Алайда бұл құжаттар демократтардың қаңтардан бастап қолға алуы мүмкін тексерулеріне негіз болуы ықтимал.
Айта кетейік, бұған дейін Эрик Трамп пен кіші Дональд Трамп Қазақстандағы вольфрам өндірумен айналысатын компанияның үлесін сатып алғаны туралы ақпарат тарады.
БАҚ мәліметінше, олар 2025 жылдың тамыз айында Skyline Builders құрылыс компаниясының үлесін сатып алған. Қазан айының соңында Skyline Builders компаниясы Қарағанды маңында вольфрам өндіру жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін құрылған Kaz Resources кәсіпорнының 20 пайыздық үлесін иеленді.
Ағайынды Трамптар үлесін сатып алғаннан кейін алты күн өткен соң АҚШ пен Қазақстан Kaz Resources Investment Group компаниясына Қарағанды облысындағы ірі вольфрам кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін келісім жасалғанын жариялады. Сондай-ақ АҚШ-тың екі мемлекеттік мекемесі жобаға федералдық бюджеттен 1,6 млрд долларға дейін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырған.
Таяуда АҚШ экспорт-импорт банкі (EXIM) мен Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) Қазақстандағы Cove Kaz Capital компаниясының вольфрам өндіру жобасын 1,6 млрд доллар көлемінде қаржыландыруды әзірге жоспарлап отырмағаны мәлім болды.