АҚШ-қа тікелей рейс: FAA Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалау жұмысын аяқтады

21-25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалады. Сарапшылар авиациялық заңнаманы және мемлекеттің ИКАО талаптарына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды.

Көлік министрлігі

Астана, NEGE. Көлік министрлігінің мәліметінше, 24 қыркүйекте FAA тобы Астанадағы Air Astana компаниясына жұмыс сапарымен барып, бағалау жүргізді. Бұған дейін әуетасымалдаушы АҚШ Көлік министрлігіне АҚШ-қа тікелей рейстер орындау үшін экономикалық рұқсат алуға өтініш берген еді.

25 қыркүйекте қорытынды ауызша брифинг өтіп, онда FAA сарапшылары Қазақстандағы бағалаудың алдын ала нәтижелерін таныстырды.

Бағалау қорытындысы бойынша америкалық сарапшылар бірқатар бағыттар бойынша жақсы көрсеткіштерді атап өтіп, бұл Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы елеулі нәтижелерін және жоғары саяси ерік-жігерін көрсететінін айтты.

«IASA рәсіміне сәйкес, келесі кезеңде FAA елдің авиациялық билігіне ресми хабарлама жібереді. Одан кейін түзету шараларын талқылау мақсатында қорытынды консультациялар өткізу жоспарланған», – делінген хабарламада.

Осы кезең аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру мәселесі бойынша шешім қабылдайды.

«Category 1 мәртебесін алу қазақстандық әуе тасымалдаушылардың АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашу үшін қажетті рәсімдерден өтуіне реттеушілік негіз қалыптастырады», – деп түсіндіреді Көлік министрлігі өкілдері.

Бұл ретте Category 1-дің болуы өздігінен АҚШ-қа рейстерді орындау үшін жеке рұқсат болып саналмайтынын, әуекомпания АҚШ-тың басқа да бекітілген талаптарын орындауы тиіс екенін айта кеткен жөн.