Арман Қырықбаев 274-бапты жеңілдету мәселесіне пікір білдірді
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» туралы 274-бабын жеңілдету мәселесіне қатысты министрліктің ұстанымын жеткізді.
Астана, NEGE. Қоғамда аталған бапты декриминализациялау туралы ұсыныс көптен айтылып келеді. Жыл басында бір топ қазақстандық журналистер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Президентке үндеу жолдап, 274-бап сөз еркіндігін шектейтінін алға тартып, аталған бапты декриминализациялауды сұраған еді.
Құрылтайда өткен брифингте ақпарат министрі Арман Қырықбаев осы тұрғыда пікірін білдіріп, министрлік қолдағанымен, басқа органдар қарсы болғанын алға тартты.
«Былтыр осы бап бойынша жауапқа тартылғандардың тек 1,7 пайызы ғана журналистер болған. Яғни 98 пайыздан астам шешім басқа кәсіп иелеріне қатысты қабылданған. Әріптесім Аида Балаеваның кезінде министрлікте осы бапты жеңілдету керек деген ұстаным болған. Министрлік сол ұстанымын растайды. Шынында да жеңілдетуге болады. Бірақ сол кезде біраз талқылау болып, басқа органдар тарапынан қарсы пікірлер айтылды», – деді Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ министр «Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобалары журналистердің, блогерлердің және қарапайым азаматтардың ақпарат тарату, сыни пікір білдіру құқығын шектемей ме?» деген сұраққа да жауап беріп өтті.
Арман Қырықбаев заң жобасы ешкімнің құқығын шектемейтінін, керісінше, қоғамда көптен бері талқыланып жүрген мәселелерге жауап беретінін атап өтті.
«Заң жобасы ешкімнің құқығын шектемейді, керісінше көптен бері көкейкесті болып келген, қоғамда кеңінен талқыланып жүрген түйіткілді сұрақтардың көбіне жауап табамыз», – деп сендірді министр.
Заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек Әшімжанов та талқыланып жатқан нормаларда журналистердің құқығын шектейтін ұсыныстар жоқ екенін айтты.
«Жалпы 2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстанда онлайн-платформалардағы 128 мыңнан аса құқық бұзушылық тіркелген. Олардың көбі ақпараттық қауіпсіздікке, буллингке, балалар мен жекелеген азаматтарға қатысты болған. Заң жобасы негізінен онлайн-платформадағы жұмыстарды жүйелеуге арналған», – деді Құрылтай депутаты.
Айта кетейік, бүгін, 18 қарашада Құрылтайда онлайн-платформалар мен масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу, 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуін шектеу, онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін, сондай-ақ масс-медиада және интернетте былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу және басқа нормалар қарастырылған.