18 февраля 2020 г. 12:10

Ақорданы шулатып жүрген ипотека құрбандары дегендеріне жетті

Фото:

Банктер алдағы ақпанның 24-інен бастап қарыз алған халықтың әлеуметтік осал топтарына қосымша көмек көрсетпек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төрайымының орынбасары Нұрлан Әбдрахманов ипотека мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен және екінші деңгейдегі банктермен кездесулер өткізді.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесу барысында ҚНРДА басшылығы ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетудің қосымша шараларын іске асыруға дайындық бойынша жүргізілген жұмыс туралы хабарлады. Енді банктің балансындағы баспананы меншікке қайтару үшін қаржы институттарына қарыз алушыны қаржыландыру не оған баспананы кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы берілмек. «Оставим народу жилье» қоғамдық қорының басшысы Бақыт Сүлейменова ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету бойынша қабылданған шаралар үшін реттеушіге алғысын білдірді және ипотекалық қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтау қажеттілігіне назар аударды. «Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мәселелерін қарастыру кезінде жалғыз баспана негізгі фактор болуға тиіс, банктер осы бағытта жан-жақты шаралар қабылдауы керек», – деді Бақыт Сүлейменова.

Қазір қарыз алушылар мен олардың отбасыларын тұрғын үйінен шығару арқылы ипотекалық қарыздарды өндіріп алу бойынша сот процесстері тоқтатылды. Сонымен бірге ҚНРДА банктерден қарыздарды қайта қаржыландыру кезінде үшінші тұлғаларды, оның ішінде қарыз алушылардың балаларын кепілгер ретінде тартпауды сұрап отыр.

Банктердің есебі бойынша, қосымша қолдау 7 мыңнан астам қарыз алушыға 44,6 млрд теңге айналасында көрсетілетін болады. Ипотекалық қарыз алушыларды қолдайтын 19 қаржы институтының ішіне 16 банк кіреді. Олардың ішінде, ипотекасын қайта қаржыландырғысы келетін азаматтар ForteBank, Қазақстан Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, АТФБанк, Kaspi Bank, Jysan Bank, Еуразиялық банк, Қазақстан ипотекалық компаниясы, Астана ипотека мен Ипотека АФ қаржы институттарына жүгіне алады. 

Тегтер: