16 сентября 2024 г. 15:06

«Ақорда» резиденциясында Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

Фото: Ақорда

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорда. 

Астана, NEGE. Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық канцлері бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц келіссөз залына барды.

Естеріңізге салай кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германияның Федералды канцлері Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Астана қаласының әуежайында Олаф Шольцті Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов қарсы алды.

Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц «Орталық Азия + Германия» екінші саммитіне қатысады, оның шеңберінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестік мәселелерін талқылау жоспарлануда.