Ақмолалық тұрғын 5 жыл бұрын адам өлтіргенін айтып, қылмысын мойындады
Ақмолалық тұрғын 5 жыл бұрын адам өлтіргенін айтып, қылмысын мойындады.
Алматы, NEGE. «3 қыркүйекте Атбасардың 53 жастағы жергілікті тұрғыны полицияға келіп, қылмыс жасағанын мойындаған. Ер адамның сөзінше, ол 2017 жылдың шілдесінде Целиноград ауданының Талапкер ауылында өзімен бірге жұмыс істеп жүрген 49 жастағы ер адамды өлтірген. Қылмысын жасыру үшін өздері құрылысын жүргізіп жатқан үйде мәйіттің үстіне бетон құйып тастаған»,- делінген хабарламада.
Ер адам қылмысқа өзара сөзге келіспей қалғаннан барғанын айтты. Кейін өлтірген адамның денесін жасырған орынды көрсетті, ол жерден адамның сүйектері табылды.
Қазіргі уақытта адам өлімінің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнынан заттай айғақ ретінде балға (кувалда) тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.