Ақмола облысында шенеунік жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді
Ақмола облысының Бұланды ауданында ауылішілік жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды. Прокуратура аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысына және мердігер ұйымның басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Астана, NEGE. Прокуратура мәліметінше, 2023 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер ұйым арасында Никольское ауылындағы ұзындығы 5,4 шақырым болатын жолды орташа жөндеу үшін 167,8 млн теңгеге келісімшарт жасалған.
Шарттың мерзімі 2024 жылғы желтоқсанда аяқталған. Осы уақыт аралығында бюджеттен 103 млн теңге игерілген.
Алайда тексеру барысында 78 млн теңгеге бағаланған жұмыстардың іс жүзінде орындалмағаны анықталды. Бұл қаражат, прокуратураның мәлімдеуінше, жол жөндеуден басқа мақсаттарға жұмсалған.
Осы дерек бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларының өндірісіне берілді.