Ақмола облысында мемлекеттік қызметкер құмар ойынға 6 млн теңгедей қаржы салған
Ақмола облысы Шортанды ауданында мемлекеттік қызметкерлердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысып, бәс тігу фактілері анықталды.
Астана, NEGE. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, мемлекеттік қызметкерлердің бірі бірнеше ай бойы букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы жүйелі түрде бәс тігіп келген. Ол ойын шотына 5,7 млн теңгеден астам қаржы салған.
«Тексеру нәтижесінде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Мемлекеттік қызмет туралы" заңдардың және Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарының бұзылғаны анықталды», – деп хабарлады қадағалаушы орган өкілдері.
Нәтижесінде кінәлі тұлғаға тәртіптік шаралар қолданылды. Сондай-ақ прокурорлар мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізді.