Ақмола облысында болған жол апатында германиялық ерлі-зайыпты қаза тапты

Жантүршігерлік жол апаты 10 тамыз күні Астана – Петропавл тасжолында болған. Автожолдың 97-шақырымында Mercedes-Benz Sprinter мен ГАЗ-53 жүк көлігі бір-біріне соқтығысқан. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы сегіз адам түрлі жарақат алған.

magnific.com

Астана, NEGE. КТК ақпаратынша, жол апатынан көз жұмған екі адам Германиядан келген ерлі-зайыптылар болып шықты. Жолаушылар орындығында қысылып қалған 59 жастағы ер адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал 52 жастағы әйел аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Олардың тоғыз жастағы қызы да автокөлік апатынан кейін ауруханаға түсті.

«Тоғыз адам Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілді. Екеуі тексерістен соң, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Алты адам травматология бөліміне жатқызылды. Барлығы әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Ауруханаға аса жауыр жағдайда жеткізілген әйелді өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, реанимация жасағанымызбен, оны аман алып қалу мүмкін болмады», – деп мәлімдеді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Смағұлова.

Спринтер жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.