Ақмола облысында әйелді өз пәтерінде пышақтап кеткен: күдікті ретінде көршісі ұсталды

Қанды оқиға Атбасар қаласында болған. Пышақ жарақатын алған әйелге көмек көрсету үшін полицейлер пәтер есігін бұзып ашуға мәжбүр болған.

depositphotos.com

Астана, NEGE. Instagram-дағы nayza_kokshe парақшасы таратқан ақпаратқа қарағанда, 58 жастағы әйел ес-түссіз күйде қансырап жатқан, оның ішіне бірнеше рет пышақ сұғылған.

«Алдын ала болжам бойынша, әйелді көршісі жарақаттаған. Ол қылмыс жасағаннан кейін есікті сыртынан жауып, пышақты өзімен бірге алып кеткен», – делінген хабарламада.

Әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады.

«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.