18 апреля 2025 г. 8:55

Ақмола облысында 80 жастағы қария суға батып кете жаздады

Фото: Полиция

Ақмола облысында полиция қызметкері мен балықты қорғау инспекторы өзенге батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. 16 сәуір күні шамамен сағат 17:00-де Ақмола облысында тәртіп сақшылары суға батып бара жатқан адамның өмірін аман алып қалды. Қорғалжын ауданының учаскелік полиция инспекторы А. Габбасов пен Ақмола облысы бойынша балық шаруашылығын бақылау инспекциясы бөлімінің инспекторы Н. Мұхаметжанов бірлескен рейд барысында өзенге батып бара жатқан қарияны құтқарып қалды.

Сабынды ауылы маңындағы "Сабынды гидроторабы" шлюзінде бірлескен рейд жүргізу барысында олар Алғабас ауылы жағынан шамамен 500 метр қашықтан көмек сұраған дауысты естіді. Дауыстың шыққан бағытына дереу бет алып, Нұра өзеніне суға батып бара жатқан ер адамды байқады. Ер адамның су бетінде тек басы ғана көрініп тұрған, әлсіреп, соңғы күшімен көмекке шақырып жатқан.

Қызметкерлер еш кідірместен әрекетке көшіп, қызметтік көліктен алынған арқанның көмегімен оны жағаға шығарып алады. Кейін белгілі болғандай, құтқарылған азамат — 80 жастағы қария екен. Киімі су болғандықтан, оның тоңып қалу қаупі жоғары еді.

Құтқарушылар дереу оны жылы киіммен орап, Сабынды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қарияның айтуынша, ол өзенге велосипедпен келіп, балық ауламақ болған. Алайда абайсызда тайып кетіп, суға құлап кеткен. Жасы мен су болған киімінің салдарынан өздігінен судан шыға алмаған. Бір сағаттан астам уақыт бойы мұздай суда өмір үшін арпалысқан.