1 октября 2025 г. 17:57

Ақмола облысында 71 жастағы әйел трамадолды заңсыз сақтағаны үшін ұсталды

Фото: Полиция

Ақмола облысында 71 жастағы қария трамадолды заңсыз сақтағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. 22–26 қыркүйек аралығында бақылаудағы дәрілік препараттардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу мақсатында "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасының үшінші кезеңі өткізілді. Іс-шара барысында полицейлер облыстың 71 жастағы тұрғынын қолға түсірді.

Тінту кезінде одан трамадолдың едәуір көлемі тәркіленді. Әйелдің бұрын құқық қорғау органдарының есебінде болмағаны анықталды. Оның айтуынша, тәуелділік жұбайының онкологиялық дертке шалдыққан кезінде басталған. Сол кезде күйеуі қатты ауырсынуды басу үшін трамадол қабылдаған. Кейін әйел өзі аяғын сындырып, осы дәріні ішіп көрген. Уақыт өте келе ол дәріге үйреніп, тәуелділікке бой алдырған. Кейіннен жалған рецепт жасап, препаратты өздігінен сатып ала бастағаны белгілі болды.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі (Есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Сараптама тағайындалып, істің мән-жайы тексерілуде.