5 марта 2026 г. 13:27

Әкімдіктің жерге қатысты қателігі Шымкенттегі стадион құрылысын созып жіберді

Фото: Nege.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте жаңа стадионның құрылысын 2024 жылы бастау жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Тіпті қала әкімі Ғабит Сыздықбеков болашақ спорт нысанының іргетасына капсула салу рәсімін өткізіп, оны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Алайда содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, уәде етілген стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы да әлі дайын емес.

Астана, NEGE. Жаңа арена салу қажеттілігі айқын. Қаладағы жалғыз ірі спорт нысаны – Қажымұқан атындағы орталық стадион 57 жыл бұрын салынған және небәрі 18 мың көрерменге арналған. Миллионнан астам халқы бар мегаполис үшін бұл жеткіліксіз.

Жоспар бойынша жаңа стадион шамамен 35 мың жанкүйерді қабылдай алады. Яғни, қазіргі нысаннан екі есеге жуық үлкен болуы тиіс. Кейбір ақпарат құралдары тіпті оның сыйымдылығы жағынан Астана Арена стадионынан да асып түсіп, «елдегі ең үлкен стадионға» айналатынын жазған еді. Алайда әзірге бұл жоспарлардың барлығы қағаз жүзінде ғана қалып отыр.

Шымкент қалалық әкімдігі

Kazinform агенттігінің мәліметінше, бастапқыда стадион құрылысына 20,9 гектар жер бөлінген. Кейін тағы 6,24 гектар жер қажет екені анықталған. Жер телімдерін мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алу рәсімі ұзаққа созылып, құрылыс жұмыстары іс жүзінде тоқтап қалған.

Сонымен қатар, нысанның нақты құны да әзірге белгісіз. Оның бағасы жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана анықталады. Ал бұл процесс әлі аяқталмаған.

Қазіргі таңда жобаның бекітілген сметалық құны жоқ, жерге қатысты құжаттардың толық пакеті дайын емес, ал құрылыс алаңында айтарлықтай ілгерілеу байқалмайды. Әкімдік әзірге стадионды пайдалануға берудің жаңа мерзімін де жариялаған жоқ.

Алаңда тек бастапқы жұмыстар ғана жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, нысан құрылысының ең ерте кезеңіне жататын бұрандалы қадаларды орнату жұмыстары басталған.

Осылайша, бұл жоба да ұзаққа созылған құрылыс нысандарының қатарына қосылып кетуі мүмкін деген қауіп бар.

Шымкент қалалық әкімдігі

Стадионның іргетасына капсула салу рәсімі кезінде әкім Ғабит Сыздықбековтің оң жағында Асхат Тағыберген тұрған еді. Ол кезде тәжірибелі жартылай қорғаушы «Ордабасы» клубының капитаны болатын.

Алайда арада бір жыл өтпей жатып, Сыздықбековтің футболшы туралы айтқан сыни пікірі ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды.

«Асхат Тағыберген қазір ойнай алмайды, бірақ кеткісі де келмейді, жай ғана отыр. Ашық айтамын, оның жалақысы – 20 млн теңге», – деген еді әкім.

Осы мәлімдемеден кейін Тағыберген «Ордабасыдан» кетіп, «Тобыл» клубына ауысты. Жаңа командасында ол тек әкімге ғана емес, жалпы футбол жанкүйерлеріне әлі де жоғары деңгейде ойнай алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Алдымен «Тобыл» Қазақстан Кубогының финалында «Ордабасыны» айқын басымдықпен жеңді. Кейін аты дүркіреп тұрған «Қайрат» клубын ұтып, Қазақстан Суперкубогы трофейін иеленді.

Маусым қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-лигасы турнирінде «Тобыл» үздік үштікке енді. Ал Тағыбергенді жіберіп алған «Ордабасы» небәрі 7-орынмен шектелді.

Жаңа стадион дәл осы «Ордабасы» клубының үй алаңы болуы тиіс. Жақында клубты Integra Construction құрылыс компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп басқаруға алғаны белгілі болды. 

Ал Шымкенттегі стадионның құрылысын басқа компания – Нұрлан Артықбаевқа тиесілі Qazaq Stroy жүргізбек. Бұл кәсіпкер сонымен қатар «Ақтөбе» клубының жаңа иесі. Ал бұл команда – Қазақстан Премьер-лигасы аясында «Ордабасының» бәсекелестерінің бірі. 

Ақтөбе қаласында салынуы жоспарланған 35 мың орындық стадион

Айта кетерлігі, Ақтөбе қаласында да дәл сондай 35 мың орындық, «Қазақстандағы ең үлкен стадион» салу жоспары бар. Оның құны шамамен 65–70 млрд теңге деп бағалануда. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жоспар бойынша нысан 2027 жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Осыған қарағанда, Шымкент қаласында салынуы тиіс стадионның құны да шамалас болуы ықтимал.

Әзірге елдегі «ең үлкен стадионды» қай қала бірінші болып салатыны белгісіз күйінде қалып отыр. Биылдан бастап бірқатар танымал клубтардың тізгінін жеке кәсіпкерлер қолға алғанын ескерсек, заманауи әрі сапалы стадион салу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түскені анық.